Posted on

Атыраудағы дәнекерлеу мектебі кәсіби жұмысшылар даярлауға кірісті

%d0%b1%d1%96%d0%bb%d1%96%d0%bcОның ашылу рәсімі шын мәнінде салтанатты шараға айналды. Оған қатысқан  мемлекеттік мекемелер мен мұнай-газ саласындағы компания басшылары бұл бастаманың маңыздылығын баса айтты.  Жалпы, жоғарыда аталған консорциум құрамына «BI Group» және «SemArco» компаниялары кіреді. «BI Group» мекемесі – еліміздегі құрылыс саласы үздіктерінің бірі. Жиырма жылдан бері тұрғын үй және коммерциялық кешендер құрылысымен айналысып келеді. Сондай-ақ, өнеркәсіптік, азаматтық, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым саласында да өзіндік қолтаңбасы бар. Барлығы 10275 шақырымдық автомобиль жолдарын салып, 20 млн. 577,7 мың шаршы метр үй мен  коммерциялық жылжымайтын мүлік тұрғызған.

Шара барысында колледждің аталмыш компаниялармен және «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен арадағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Айта кетейік, биылғы күздің басында жергілікті атқарушы билік пен консорциум арасында меморандум жасал-ған-ды.  Облыстық әкімдік пен «Кәсіпқор» холдингінің демеу-шілігімен қолға алынған жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін тигізбек. Мұны колледж директоры Ермек Күзембаев дәнекерлеушілер мектебінің ашылу салтанатында айтып өтті.

— Басты міндет – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі атап көрсеткен «Алғашқы жұмысшы мамандығын тегін оқыту» жобасын жүзеге асыру және осы арқылы жастарды қызметпен қамту. Біріншіден, оқыту толығымен дәнекерлеудің халықаралық институтының стандартына сай жүргізіледі. Ол «KazWeld» атты қазақстандық дәнекерлеушілер қауымдастығымен аккредиттелген. Екіншіден,аймақта ірі халықаралық жобаларды жүзеге асыру үшін өңірдің адами әлеуетін дамыту маңызды. Үшіншіден, мұнай-газ саласындағы жобалардың қазақстандық мазмұнын арттыру қажет, — деді ол.

Сонымен, жаңа ашыл-ған дәнекерлеу мектебінде төрт ай бойы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан шыққан отыз студент кәсіптік-техникалық мамандық бойынша білім алмақ. Олар Атырау қалалық әкімдігінің арнайы іріктеуінен өтеді. Жеңілдігі сол, аталмыш консорциум демеушілігімен жатар орынмен және тегін тамақпен  қамтылады.

Осындағы өндірістік оқыту шебері Нұрлан Сүйерғұлов былай дейді:

— Оқу процесіне жұмсалатын 430 сағаттың отызы ғана теориялық та, қалғаны тұтастай тәжірибеге арналған. Бұл келешек мамандардың өндіріске  даярлығын жақсартады. Мұнда студенттер дәнекерлеудің аргонды, жартылай автоматты және басқа түрлерін меңгеріп шығады. Тағы бір бастысы –  ағылшын тілін үйренеді. Демек, аймақта инвесторлардың қолдауымен жүзеге асып жатқан іргелі жобаларға қатыса алады. Шеберханалар шетелдік және отандық кәсіпорындарда қолданылатын заманауи құрылғылармен жабдықталған. Тіпті, керек десеңіз, еңбек қауіпсіздігі, сапалық бақылау және «lean-технология», яғни, тілдік біліктілік бағытында шетелдік сарапшылардың шеберлік сыныптары да ұйымдастырылады, — дейді.

Салтанатқа қатысушыларды «BI Group» басқармасы басшысының орынбасары Метин Палик, «SemArco» компаниясының бас директоры міндетін атқарушы Дамианос Эфтимиадис, «Теңізшевройл» ЖШС-нің өкілі Айдар Досбаев, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев құттықтады. Ал, аталмыш оқу орталығының құрылтайшысы  «Кәсіпқор» холдингінің өкілі Геннадий Гамарник осындай мектептер көптеп ашылса, болашақта жұмысшы мамандығы тапшылығын түбегейлі жоюға болатынын айтты.

Дәнекерлеушілер мектебінің тұсаукесер шарасына кәнігі кәсіпкер, ел таныған меценат Төкен Жұмағұлов қатысты.

— Қай қызметте де жұмысты төменгі буыннан бастаған жөн. Өйткені, бүгінгі жұмысшы ертеңгі бір мекеменің жетекшісі болмасына кім кепіл? Міне, сол кезде қара жұмыстың қыр-сырын жетік білетін басшы қарамағындағы қызметкерлерімен де өнікті іс атқаратын болады. Мен де кезінде өз балаларымды жасынан еңбекке баулыдым. Тура мағынасында, қара жұмысқа салдым. Есесіне қазір олар барлық міндет жүгін бес саусағындай біледі, — дейді белгілі бизнес иесі.

Дәнекерлеушілер мектебін үздік аяқтағандар шетелдік ірі құрылыс нысандарында сынақтан өтеді. Ал, кейін сонда тұрақты қызметке қабылданып, іргелі жобаларға белсене қатысуға мүмкіндік алады.

Салтанатты шарадан соң жи-налғандар шеберханалармен танысты. Шын мәнінде, қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған оқу орталығы шәкірттеріне тео-риялық та, практикалық та мол тәлім беретініне ешкімнің күмәні жоқ.

Жалпы, осыдан үш жыл бұрын ашылған мұнай-газ саласының болашақ қызметкерлерін дайындайтын колледждің өзінде білім алатын 809 студенттің 10-ы кәсіпорындар есебінен, ал қалғаны мемлекеттік тапсырыс негізінде оқытылуда.  Оқу ұзақтығы – 2 жыл 10 ай. Қысқа мерзімдік өндірістік курстар да бар.

Амандық Абдол

«Атырау «газеті

http://www.chelpipe.ru/press_center/company_news/6064/