«Кәсіпқор» холдингі КЕАҚ 2018 жылдың 17 – 19 қыркүйек аралығында Талдықорған қаласындағы Политехникалық колледжінде техникалық және кәсіптік білім жүйесінің саясатына талдау жасау және оның күшті, әлсіз жақтарын анықтау мақсатында «Қазақстандағы Туриндік процесі» зерттеуінің аясында іс-шаралар өткізді.
Ағымдағы жылдың 17 қыркүйегінде зерттеудің жұмыс тобымен (Білім беру басқармасы, Жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік қорғау басқармасы, Статистика департтаменті өкілдері) және өңірдің ТжКБ директорлар Кеңесінің өкілдерімен зерттеудің міндеттері мен мақсаттарын және оның аналитикалық шеңбері мен ұстанымдарын, сандық және сапалық ақпараттарды жинау және талқылау бойынша кездесу өткізілді. Сонымен қатар, кездесу барысында іс-шараны ұйымдастырып өткізу кезеңдері қарастырылды.
18 қыркүйекте мүдделі тараптармен (білім беру басқармасының, жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік қорғау басқармасының, жастар саясаты мәселелері басқармасының, статистика департаментінің, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы «Алматы облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының, «Нұр Отан» партиясының және өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, колледж басшылары, басшы орынбасарлары, оқытушылар, өндірістік оқытушылар шебері және әлеуметтік педагог) семинар өткізілді. Семинарға қатысушылар зерттеудің аналитикалық шеңбері аясында жұмыс жасады. Аналитикалық шеңберде келесі бөлімдер қарастырылған:
- ТжКБ жүйесіне шолу. Басқару мен қаржыландыру;
- Экономикалық прогреске арналған ТжКБ жүйелерінің тиімділігі мен нәтижелілігі;
- ТжКБ жүйесіндегі ішкі тиімділік, әлеуметтік және инклюзивтік білім беру және еңбек нарығымен өзара әрекеттесуінің тиімділігі мен нәтижелілігі;
- ТжКБ жүйесінің ішкі тиімділігі.
Әр бөлімде ТжКБ саласының келесі стратегиялық бағыттары қарастырылған: Олар: еңбек нарығы мен білім беру қызметінің әрекеттесуі, әлеуметтік инклюзия мен өңірдегі демографиялық жағдай, ТжКБ мәртебесі мен тартымдылығын арттыру, студенттер арасында кәсіпкерлік дағдыларды дамыту, сандық жүйеге көшу, арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту және т.б. Семинар топтық жұмыс түрінде жүргізілді. Топтық жұмыс барысында өңірлік ТжКБ жүйесінің оң жақтары, проблемалары және олардың шешімдері қарастырылды. Аудиторияға топтық жұмыс нәтижелері мен қорытындылары жайлы презентациялар флипчарттар арқылы көрсетілді. Семинардың барлық қатысушыларына сертификаттар берілді.
Дәйекті ақпаратты толықтыру мақсатында колледждердің әлеуметтік серіктестіктерімен, жұмыс берушілерімен, директордың оқу – әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарларымен, ағылшын тілінде сабақ беретін арнайы пән оқытушыларымен, «Кәсіпкерлікті дамыту негіздері» курсын жүргізетін оқытушыларымен, қызметінде IT-технологияларды қолданатын өндірістік оқыту шеберлерімен және колледждің бітіруші курс студенттерімен фокус-топтар кездесулер өткізілді.