Posted on

«Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» Республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау

Мемлекетіміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» Республикалық конкурсының (бұдан әрі – Конкурс) жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізу жақсы дәстүрге айналды.

2019 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тікелей қолдауымен «Talap» КЕАҚ бастамасымен бастау алған студент жастардың үздік өкілдерін анықтау Конкурсы республикамыздың техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі –ТжКБ) студенттері арасында танымал болды. Осы ауқымды бастамаға қатысу үшін еліміздің колледждері үздік білім алушыларының кандидатураларын ұсынды. Конкурсқа қатысушылар арасында WorldSkills чемпионаттарының, ғылыми конференциялардың жеңімпаздары мен қатысушыларын, олимпиадалардың, түрлі конкурстардың, спорттық жарыстардың жүлдегерлерін, шығармашылық ұжымдардың өкілдерін, жобалардың, инновациялық идеялар мен стартап-жобалардың авторларын көруге болады.

Ағымдағы жылы Конкурстың өңірлік кезеңінің қорытындысы бойынша Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардан 199 студент іріктелді.

Конкурстың ұйымдастырушысы – «Talap» КеАҚ платформасында 2022 жылғы 1 қарашадан 15 қараша аралығында онлайн-дауыс беру рәсімі өтіп, нәтижесінде Конкурстың 100 жеңімпазы анықталды.

2022 жылғы 8 желтоқсанында Астана қаласының Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында өткен республика колледждерінің үздік 100 студентін ресми марапаттау «TVET AWARDS» рәсімі Конкурстың қорытынды кезеңі болып табылады.

«TVET AWARDS» рәсімі шеңберінде жеке және кәсіби өсу бағдарламаларын іске асыратын көшбасшылар мен тренер-коучтерді тарта отырып, «Students Leader 2022» шеберлік сыныбы өткізілді. Шеберлік сынып барысында жастардың өкілдері 2021 жылғы «ҚР колледждерінің үздік 100 студенті» Конкурсының жеңімпазы А.Ералханұлымен студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры А.Молчановскаямен жұмысқа орналасу және мансапты дамыту мәселелері, «Кәсіпкерлік негіздері» оқулығының авторы Серик Щегловпен жастар кәсіпкерлігін дамыту мүмкіншілігі талқылады.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі А.Қ.Аймағамбетовпен кездесу барысында Конкурс жеңімпаздары толғандырып жүрген өзекті сұрақтарына жауап алды және бұл кездесу ұмытылмайтын әсер қалдырды. Асхат Қанатұлы жастармен студенттік өмірдің көптеген аспектілері бойынша өз көзқарасымен бөлісті, жас ұрпақты толғандыратын сұрақтарға жауап берді. Кездесу бейресми, жұмыс жағдайында өтті және нәтижелі де әсерлі болды.

Іс-шараның мәрелік бөлігінде Конкурс жеңімпаздарын ресми марапаттау рәсімі өтті.

 

«TVET AWARDS» ТжКБ үздік студенттерін марапаттау рәсіміне ҚР Оқу-ағарту министрі А.Қ.Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Г.Г.Шиповских, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасының жетекшісі, қоғам қайраткері, IV және V сайланымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М.А.Әбенов, «Talap» КЕАҚ президенті Ш.А.Утельбаева, «Білімді Ел – Образованная Страна» газетінің бас редакторы –Туркестанова Л.М., «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанатының елордалық филиалының төрағасы Мағзұм А.Т., Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағының, жұмыс берушілер, қоғам қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктер, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармалары өкілдері, колледж басшылары, педагогтері мен студенттері қатысты.

 

Фотоларға сілтеме