Posted on

Оқытудың модульдік-құзыреттілік тәсілдемесін қашықтықтан білім беру технологияларын пайдаланып жүзеге асыру

 

Тулеубаев Данияр Ергалиулы,

Қарағанды облысы,

Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі,

«Тalap» КЕАҚ штаттан тыс тренері

 

 

 

Әлемде орын алған жағдайға байланысты еліміздегі барлық білім беру ұйымдары қашықтықтан білім технологиялары көмегімен оқыту формасына өтті. Осы тұста Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының алдында базалық және кәсіптік құзыреттіліктерді меңгеруді көздейтін оқытудың модульдік-құзыреттілік тәселдемесін қашықтықтан сапалы жүзеге асыру мәселесі туындайды. Оқытудың модульдік-құзыреттілік тәсілдемесінің дәстүрлі пәндік тұрғысынан емес, мамандық пен оның біліктіліктерін игеруді қажетті құзыреттіліктер мен еңбек функцияларын, оқыту нәтижелері бойынша қарастыратыны баршамызға мәлім.

Білім алушылардың қашықтықтан білім беру технологияларын пайдаланып құзыреттіліктер мен оқыту нәтижелеріне қол жеткізуі оқу үрдісінің жұмыс кестесінің дұрыс жасалып, оңтайлы құрастырылуынан; оқу сабақтарының жобалануынан және мазмұнының бейімделуінен тікелей тәуелді болады.

Осы ретте Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі ҚР Білім және ғылым министрінің «Пандемия кезеңінде білім беру ұйымдарында COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы» 01.04.2020 жылғы №123 бұйрығына және «Талап» КЕАҚ әзірлеген «Пандемия кезінде ТжКБ ұйымдарында қашықтықтан білім беру технологияларын қолданып оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдарына» сай оқу үрдісін жоспарлаудың өзіндік моделін әзірлеп, сәтті жүзеге асыруда.

 

 

Қашықтықтан білім беру шартындағы оқу сабақтарының ұзақтығы 15 минут көлемінде бекітіліп, нақты уақыт режимінде Moodle платформасы, Zoom қосымшасы арқылы онлайн өткізіледі.

Оқу сабағында білім алушыларға негізгі теориялық материал ұсынылып, кейінгі білім алушының өзіндік жұмысы оффлайн режимдегі сабақ тақырыбын бекітудің практикалық бағдарланған тапсырмаларын орындауына мүмкіндік жасалады. Сабақты мұндай құрылымы АКТ тиімді пайдалану арқылы зиянды факторларды азайта отырып, құзыреттілікке негізделген оқу материалын барынша сапалы меңгерілуіне, білім алушылар мен оқытушылардың ресурстарын тиімді пайдалануға жол береді.

Барлық ұсынылатын теориялық және өзіндік жұмысқа арналған оқу материалдары білім алушылардың өз бетінші жұмыс жасауына мүмкіндік тудыратындай етіп әзірленіп, базалық және кәсіптік дағдыларға бағдарлануда. Себебі оқу үрдісін ұйымдастыру режиміне қарамастан модульдік-құзыреттілік тәсілдеменің басты шарты білім алушыларға практикада қажет етілген еңбек функцияларын оқыту нәтижелері арқылы игерту. Ал нәтижелі игеру өзіндік жұмыс тәжірибесі арқылығы сапалы жүзеге асады.

Оқу үрдісінің сапалы жүзеге асырылуының негізгі шарттарының бірі – оның оқу-әдістемелік және дидактикалық материалдармен қамтамасыз етілуі. Цифрлық білім беру ресурстарының қазіргі таңдағы саны мен мазмұнның жеткілісіз деңгейде екені анықталып, осы бағытта қарқынды және сапалы жұмыс жүргізудің қажеттігін көрсетті. Бұл тұста «Талап» КЕАҚ сайтында жарияланған цифрлық оқу ресурстарының, оқу құралдары мен әдебиеттері колледж оқытушыларының жұмысын мейлінше тиімді етуде. Сонымен қатар цифрландырылған кітапханалардың да пайдасы орасан.

 

 

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демешкі қашықтықтан білім беруде әлеуметтік серіктестеріміз де қалып қалып жатқан жоқ. Модульдік-құзыреттілік тәсілдеме бойынша оқыту оқу үрдісіне әлеуметтік серіктестердің тығыз байланысын көздейді. Оқу жоспарларын әзірлеуге қатысқан әлеуметтік серіктестеріміз өздерінің ақпараттық, оқыту базасы, материалдарымен бөлісіп, оқыту сапасын арттыруға өз үлесін қосуда.

Сондай-ақ колледж оқытушылары мамандық профильдері бойынша ОӘБ бірлесіп жұмыс жасап, құзыреттілік тәсілдеме бойынша арнайы бейнесабақтары мен бейнедәрістерін Холдинг, облыстық Оқу-әдістемелік орталықтың сайттарында жариялау арқылы тәжірибе алмасып, таратуда.

«Talap» КЕАҚ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының барлық оқу-әдістемелік, дидактикалық тәжірибесін ұштастыра отырып қашықтықтан білім беру технологияларын сәтті жүзеге асыруда барынша жағдай жасауда.

Осы жұмысты алдағы уақытта жүйелі жүргізу арқылы қашықтықтан білім беру технологияларын оқу үрдісінде барынша мақсатты, оңтайлы қолдану арқылы заман талабына сай, бәсекеге қабілетті маман даярлауды жоғары сапалық деңгейге көтереміз деп сенеміз!