Posted on

«Колледж-жұмыс беруші» Әлеуметтік серіктестікті дамыту» тақырыбында республикалық семинар

Дуальды оқытуды енгізу бойынша тәжірибені жалпылау және көрсету мақсатында 2018 жылғы 20 желтоқсанда Павлодар облысы Білім басқармасы мен «Кәсіпқор» Холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы бірлесіп, Ақсу қара металлургия колледжі базасында «Колледж-жұмыс беруші» Әлеуметтік серіктестікті дамыту» тақырыбында республикалық семинар өткізді.

Семинар жұмысына Павлодар облысы Білім басқармасы, «Атамекен» Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, жұмыс берушілер және Қазақстанның 10-нан астам өңірінен колледждер өкілдері қатысты.

Ақсу қара металлургия колледжі базасында инновациялық құрылғылар көрмесі ұйымдастырылды, сонымен қатар оқу әдістемелік кабинеттер, зертханалар, оқу өндірістік шеберханаларына экскурсия жүргізілді.

Семинардың пленарлық отырысында индустрияландыру 4.0 жағдайында білікті кадрларды дайындау, дуальды оқытуды дамытуда салықтық жеңілдіктер, колледж және кәсіпорын қарым қатынасы сұрақтары қарастырылды.

Бірінші секция «Өндірістік оқытуды ұйымдастырудағы инновациялық тәсілдер» тақырыбында өткізілді. Онда өндірістік оқытуды ұйымдастыру, дуальды білім беру әлеуметтік әріптестік жүйесін жаңғырту факторы және колледждердің теориялық практикалық қызметінің интеграциялануы сияқты мәселелер талқыланды.

Семинардың екінші секциясында тәлімгерлік арқылы болашақ білікті кадрлардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Онда Қазақстандағы колледж өкілдері өзекті мәселелерді көтеріп, тәлімгерлік тәжірибелерімен бөлісті.