Posted on

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАР-ПРАКТИКУМ «WorldSkills International халықаралық қозғалысы стандарттарын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіне енгізу тәжірибесі»

Ақтау қаласында 2018 жылдың 2 қарашасы күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Маңғыстау облысының Білім басқармасы біріге отырып «WorldSkills International халықаралық қозғалысы стандарттарын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіне енгізу тәжірибесі» тақырыбында республикалық семинар-практикум өткізді.

Семинар-практикумның мақсаты – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру (бұдан әрі – ТжКОБ) оқу процесіне WorldSkills халықаралық қозғалысының стандарттарын бейімдеу және енгізу бойынша үздік педагогикалық тәжірибені жинақтау, жұмысшы мамандығының беделін арттыру, жастардың заманауи еңбек нарығының талаптарына сай техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі біліммен қамтылуын арттыру.

Семинар жұмысына ҚР Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары  Жүнісов Ернат Ғапуұлы, Маңғыстау облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қойжанов Нұрлыбек Көбейсінұлы, «Worldskills Ресей» Одағы нормативтік-әдістемелік сүйемелдеу бөлімінің бастығы Софронова Марина Иннокентьевна және «Worldskills Russia Juniors» жобасының басшысы Узалукова Анна Валентиновна, облыс мәслихатының депутаттары, Қазақстан Республикасының техникалық делегаттары, сонымен бірге әлеуметтік серіктестер және облыстың ірі кәсіпорын басшылары, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің басшылыры, мамандар, сарапшылар және демеушілер қатысты.

Семинар жұмысы барысында қаралған және талқыланған сұрақтар:

  1. «WorldSkills ұйымының талаптарын ескере отырып, колледж студенттері арасында аймақтық және ұлттық кәсіптік шеберлік конкурстарын ұйымдастыру, халықаралық деңгейде Worldskills International чемпионатына қатысу үшін Қазақстан Республикасының құрама командасын жасақтау мәселелері;
  • Елімізде әрі қарай Ресей Федерациясымен бірлескен ынтымақтастық негізінде «Worldskills Russia Juniors» жобасымен жарыстар өткізу мәселелері;
  • WorldSkills чемпионатына дайындау мақсатында, түрлі әдістер арқылы арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту;
  1. Түрлі деңгейдегі білім ұйымдарының, жұмыс берушілермен және жұртшылықпен тиімді өзара әрекет ету арқылы, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау нәтижесінде аймақтағы еңбек ресурстарына қажеттілікті талқылау;

Семинардың екінші бөлімі бес секция бойынша қарастырылды:

  1. ТжКОБ жүйесіндегі негізгі сұрақтардың мазмұнын жаңарту және жаңғырту мәселелерін талқылау;
  2. WorldSkills стандарттарын әлеуметтік және дербес қызмет көрсету құзыреттілігі саласына енгізу;
  3. WorldSkills стандарттары- техникалық және құрылыс құзыреттілігі бойынша маман дайындау әдістемелік негізі;
  4. WorldSkills стандарттары мен талаптарын IT құзыреттілігі мамандарын дайындау үрдістерін енгізу;
  5. Ағылшын тілі – кәсіби қарым қатынас құралы және бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы.

Семинар жемісті және қызықты жағдайда өтті. Бұл семинарда қарастырылған тақырыптар дәл қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім саласында маңызды мәселелер. Семинар барысында өзекті мәселелер көтеріліп, қатысушылар сұрақтар қойды, пікір талас болды және тәжірибелерімен алмасты.

Республикалық семинар – практикумына қатысушылар баяндамалар мен жарыссөздерді тыңдап, көтерілген мәселелердің Қазақстан Республикасы колледжілерінде маңыздылығын талқылай келе, осындай кездесулердің қажеттілігін атап өтті.