Posted on

Жанаева Шагангүл Алдамжарқызы

«М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж» КМҚК директоры
Шағангүл Алдамжарқызы – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің жоғары білікті санатты оқытушысы. Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан ПҒА-ның корреспондент-мүшесі.
«Құбалаң замандағы құпия өлеңдер» атты монографиялық еңбектің, «Қоңыраулы жылдар күмбірі» кітабының, оқу орнының 110 жылдығы қарсаңында тарихы тұңғыш рет жинақталып, жарық көрген «Алаштың білім ордасы» атты тарихи танымдық кітаптың авторы.
Іскер басшының арқасында, оқу орны заманауи талапқа сай жабдықталынып, жаңа типті білім беру мекемесіне айналды. Ш.А.Жанаеваның бастамасымен белгілі кәсіпкер-меценаттардың қаржыландыруымен оқу орнының тарихында тұңғыш рет оқу орнының түлектерінің 9 атаулы оқу кабинеті, 30 орындық интернет зал, электронды-ақпараттық зал ашылды.
Шағангүл Алдамжарқызы – колледждегі директорлық қызметін абыроймен атқара жүріп, қаланың, облыстың қоғамдық өміріне де белсене араласатын іскер азаматтардың бірі. Семей қаласындағы қазақ мәдени-әлеуметтік орталығының төрайымы, «Семей қаласы әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің,Әйелдер ісі және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі, қоғамдық келісім мен бірлікті, ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтуға белсенді қатысқаны үшін облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Білім беру саласындағы ерен еңбегі үшін Ш.А.Жанаева ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен үш мәрте, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Ыбырай Алтынсарин төсбелгілерімен, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «ҚР техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «Лучшие в образовании» халықаралық энциклопедиясының «За вклад в развитие образования» медалінің иегері.