Posted on

«Жоғары білікті кадрларды дайындаудағы өндірістік оқыту шеберлерінің рөлі мен орны» атты республикалық семинар-кеңес

24 қарашада Алматы қаласы Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы базасында «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы «Кнауф Гипс Қапшағай. ДЭГ қатысуымен кәсіпорын» жеке шаруашылық серіктестігімен бірлесе отырып, «Жоғары білікті кадрларды дайындауда өндірістік оқыту шеберлерінің рөлі мен орны» атты республикалық семинар-кеңес өткізді.

Семинар-кеңестің мақсаты:  техникалық және кәсіптік білім жүйесіндегі екі сатылы модельдік оқытуды жүзеге асыру үдерісіндегі және заманауи жағдайдағы өндірістік оқыту шеберлерінің рөлі мен орнын анықтау.

 
 

Семинар-кеңестің жұмысына Астана мен Алматы ққ., облыстық Білім басқармаларының өкілдері, облыстардың Директорлар кеңесінің төрағалары, колледж директорлары мен оқу-өндірістік жұмысы бойынша орынбасарлары, өндірістік оқыту шеберлері, әлеуметтік серіктестер қатысты.

Жұмыс барысында «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асырудағы өндірістік оқыту шеберінің рөлі», «Өндірістік оқытудың оқу-әдістемелік сүйемелдеуі» тақырыптар бойынша пікірталас сессиялары өткізілді. Алматы құрылыс-техникалық колледждің өндірістік оқыту шеберлері «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану», «Дәнекерлеу ісі», «Жиһаз өндірісі» мамандықтары бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.

«Құрылыс» бейіні бойынша республикалық оқу-әдістемелік бірлестігінің отырысы өтті. Отырыста Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының Құрылыс саласының мамандарын сертификаттау орталығы ұсынылды.

«Ең үздік өндірістік оқыту шебері» атты бейнероликтер көрсетілді.

Республикалық семинар-кеңес қорытындысы бойынша өндірістік оқыту шеберлерінің педагогикалық қызметінің мәртебесін арттыру, өндірістік оқыту бойынша нормативтік-құқықтық базаны жандандыру бойынша ұсынымдар жасалды.

Семинар материалдарымен танысу