Posted on

Армандар орындалады

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен тегін кәсіби-техникалық білім беру жөніндегі Елбасы бастамасын насихаттау және түсіндіру бойынша Атырау қаласы мектеп түлектерімен кездесу өтті.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техни­калық білім беру» жаңа жобасының ар­тықшылығы, осы жоба аясында мектепті бітірген жас жеткіншектер қалаған мамандықты тегін алуына мол мүмкіндік алады. Сайып келгенде, жастардың өмір­дегі маңызды сатысына мемле­кетіміз қолдау көрсетіп отыр.
Елбасының кәсіби-техникалық білім беру туралы жобасын мектеп тү­лек­теріне түсіндіру жұмыстары бүгінде барлық аймақта белсенді жүруде. Атырауда да тегін кәсіптік білім алу ту­ралы оқушылармен кездесу жиі ұйым­дастырылуда. Айталық, кеше «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық фи­лиалы мен Апек Петротехник жоғары техникалық колледжі арасындағы мемо­рандум аясында іс-шараларды жүзеге асыруда мектеп түлектерімен кездесу өтті. Атырау қаласының мектеп оқушы­лары қатысқан кездесуде облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақберген Қара­баев, Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында жариялаған кәсіби білімді тегін алу туралы жан-жақты мағлұмат берді.
– Еліміздің жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Жұмыс­шыға сұранысы бар өңірге ба­тыл­дықпен барулары қажет. Егер ше­берліктің шынына жете білсеңіздер – мамандықтың бәрі жақсы. Қазір тех­ни­калық мамандықтардың, яғни ғылым мен инновацияның заманы. Ерінбей еңбек еткен адамның өмір са­пасы озады, әлеуметтік жағдайы жақ­сарады. Елбасы еліміздің ертеңі жастар, сіздер білім алып, еңбекке араласу үшін барлық жағдайды жасап отыр. Осыны ұтымды пайдаланған жас өреннің келешегі кемел болады, – деген Бақбер­ген Қасымұлы оқушылардың кәсіптік білімге арнал­ған сауалдарына жауап берді.
Оқушылармен кездесіп, кәсіптік-техникалық білімді тегін алу мүмкіндігі туралы өз тәжірибесімен бөліскен, облыс­тық мәслихат депутаты Нұрлы Әй­тиеваның сөзі оқушылардың жүре­гіне жеткендей. Тау-кен геологы маман­дығын алып, еңбек жолында талай бе­лесті өткеріп, бүгінде көшбасшы пар­тияның және қоғамдық жұмыстың белсендісі болып, бизнесті басқарып отырған Нұрлы Тельманқызының ай­туынша, жастар алдымен білім алуды мақсат етуі қажет. Теориялық және практикалық білім үшін елімізде, соның ішінде Атырау өңірінде барлық жағдай жасалған.
– Елімізді шетелдік мамандардан ада еткілеріңіз келсе, өздеріңіз білім алып, оны әркез жетілдірумен айналысы­ңыздар. Сонда ғана сіздер Қазақстанды әлемдік дамыған елдердің қатарына енуіне атсалысасыздар. Біздің өңір құ­рылысшы, ауыл шаруашылығы маман­дары, мұнай-газ саласы бойынша білікті мамандарға зәру. Облыста фабрика, зауыттар салынып іске қосылды, енді сонда жұмыс істейтін жергілікті жерден мықты мамандар қажет. Олар сіздер­сіздер! Қазір осы отырғанда сіздерден болашақ басшы, мықты мұнайшы, мықты агроном, мықты құрлысшы шығады деп үміттенем. Армандаңыздар! Армандарыңыз міндетті түрде орында­лады. Ол үшін ниет пен ынта қажет.Сіздерге мемлекетіміз ғажап мүмкіндікті ұсынып отыр. Біздің жас күнімізде бұндай игілікті істер болмады. Осыны ескеріп, бүгінгі күннің талабына жауап беретін мықты мамандықты таңдаңыз­дар, – деді Нұрлы Әйтиева.
Мектеп оқушылары «кәсіптік-тех­никалық білімді тегін алғанмен де жұ­мысқа орналасу жағы қиындық туғызбай ма?» деген сауал қойып, алаңдаушылық білдірген сұрақтарына жауап алды. Сайып келгенде, облыстық мәслихат депутаты Нұрлы Әйтиева «Кім-кімнің де жұмыс берушіге беретін түйіндемесі әдемі жазылуы мүмкін. Бірақ іс жүзінде жұмыс іздеуші маман, сол түйіндемеде өзі көрсеткен мамандықты толық мең­гермеген болуы мүмкін. Сондықтан да, білім алғанда біліктілікті мақсат ету қажет» деп жауап берді.
Жан-жақты тәжірибелі маман болу үшін теориялық ілімнің жеткілік­сіздігін жастар санасына тоқып, прак­тикалық тәжірибеге дең қою қажет деген ұстаным ең дұрысы. Елбасының жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беруге жол ашуында да осы мақсат көзделгені айт­паса да түсінікті болса керек.

Тұрсын ҚАЛИМОВА

Источник: «Айқын» газеті  https://aikyn.kz/2017/01/17/815.html